Жамбылда «AULIEATA-MEDIA» ЖШС құрылды

Жарияланды

Өңірде «AULIEATA-MEDIA»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылып, облыстың БАҚ саласында біршама құрылымдық өзгерістер орын алғандығын бұрын хабарлаған болатынбыз. Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев облыстық «Ақ жол» газетіне арнайы келіп, облыстық «Aq jol», «Знамя труда» және «Арай» жастар газетінің ұжымымен кездесіп, жаңа құрылымның мақсат-міндеттері қахында, қазіргі баспасөзге қойылатын талаптар  жайлы кеңінен баяндады.

«Басылымдарды бір медиа құрылымына топтастырудағы басты мақсатымыз орталық қаржыландыруға оңтайлы жағдай жасау. Сол арқылы журналистердің табысты жұмыс жүргізуіне мүмкіндік тумақ. Алдағы уақытта қаламақыны, үстемақыны көбейту жағдайын да қарастыратын боламыз. Бұл бір жағынан заманның талабы. Облыстағы үш газеттің де өзіндік тарихы бар. Журналистер қашанда халық пен биліктің арасындағы үнкөпір болып қала бермек. Өздеріңіз бағамдап отырғандарыңыздай, бүгінгі уақыт тынысы өзгерді. Ақпарат таратуда  тек жеделдік керек. Ізденіс болу қажет. Газеттер шығармашылық тұрғыда дайындалған, ел есінде қалатын кесек–кесек туындыларды жариялауға ұйытқы болуы қажет. Қарап отырсақ, ауданда, ауылдарда түрлі салаларда қордаланған мәселелер көп. Сол жағын да журналистер назарға алуы тиіс. Олармен кері байланыс орнату жайын да ойластырған жөн.  Жаңа құрылым болған соң, оқырман үлкен өзгерістер күтеді. Осыған орай, газеттер жаңаша форматпен, үйлесімді безендіріліп  шығуы керек. Сіздердің осы міндеттердің үддесінен табылатындарыңызға сенімім кәміл», — деді Ержан Жұматұлы.

Сондай-ақ, ол «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болып, жас та болса тәжірибесі қалыптасқан, өзіндік көзқарасы бар азамат, белгілі журналист Нұрбек Бекеннің тағайындалғанын, ал облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы қызметі Оралхан Дәуітке жүктелгенін, «Знамя труда» және «Арай» газеттеріне бұрынғысынша Татьяна Борисенко мен Дәулет Төленді басшылық етенін айтты.

Ақпарат саласының майталманы, қаламы жүйрік журналист — Оралхан Дәуіт бұған дейін ғасырға жуық тарихы бар «Жас Алаш» газеті Бас редакторының орынбасары қызметін абыроймен атқарған. «Жас Алаш» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі және «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысы, Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болып та қызмет атқарды.

Келесі кезекте сөз алған Оралхан Дәуіт  жаңа медианың жұмысына сәттілік тілеп, жүз жылға жуық тарихы бар облыстың бас басылымы –  «Aq jol» газетінің шығармашылық әлеуетін жақсартуға аянбай еңбек ететіндігін, әріптестеріне деген ізгі тілегін жеткізді.

Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары бұл жиын журналистермен жылы жарқын жүздесіп, пікір алмасудың соңы еместігін, бүгінгідей ашық қоғамда кез-келген туындаған мәселені ойласып шешуге болатынын баса айтты.

Сөз соңында сенім бар жерде ұжымға артылатын міндеттің де ауқымды екендігін алға тартты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.